Шымкентте халықтың жұмыспен қамтылуына көмектесетін «Атамекен» қолдау орталығы ашылды

81

Шымкент қаласында халықтың жұмыспен қамтылуына проактивті көмектесу мақсатында «Атамекен» қолдау орталығы жұмыспен қамтудың мобильді орталығы іске қосылды.
Орталықтың тұсаукесер рәсіміне қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова қатысты.
– Президент Қ.Тоқаевтың «халықпен кері байланыста болу» тапсырмасына
орай мемлекеттік бағдарламаларды халыққа ашық форматта түсіндіру, жаппай кәсіпкерлікпен айналысуға үйрету, халыққа қолжетімді ақпарат ұсыну мақсатында қала әкімдігі «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасымен бірге іс-шаралар жоспарын бекітті. Қаламыздағы 4 аудан әкімдігінде және Халыққа қызмет көрсету орталықтарында да мобильді орталық жұмыс істейтін болады, — деді Г.Құрманбекова.
Орталықтар блок-модульді павильондарда, халық жаппай жиналатын жерлерде – базарлар мен вокзалдар маңы, халық тығыз орналасқан аудандар, шеткі аудандар мен көшелерде ашылады.
– Қазір қарапайым халықта «ақпараттық аштық» бар. Қай жерден қандай ақпарат
алу керегін білмейді. Тұрғындарға бір көзден жан-жақты ақпарат беру, жұмыссыз жүрген азаматтардың дәрежесін анықтау – біздің басты мақсатымыз. Бүгінгі таңда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен базалар интеграциясын жасап жатырмыз. Қай ауданда қанша адам жұмысқа мұқтаж, қай кәсіпорынға жұмысшы тапшы деген сияқты қаламыздың әлеуметтік картасын жасап, нақтылайыз. Егер кәсіпкерлікке бейімділігі бар болса, онда ол азаматқа мүмкіндік көп. Қала бойынша 2000-ға жуық қысқа мерзімдік оқытудан өтті. Микроқаржы ұйымынан 450 мың теңге, республикалық бюджеттен 4500 грант бөлініп отыр. Әлеуметтік қиын жағдайда жүрген азаматтардың бәрін оқытып, жұмыспен қамтымақпыз, — деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабіштаев.
Шетелде психолог-кеңес берушілердің қызметі жақсы дамыған. Мобильдік орталықталықтардың бір ерекшелігі, бізде де енді жеке тұлғаны дамыту кеңесшілері отырады. Әр адамның қандай жұмысқа бейімі бар екенін анықтайды.
Менеджерлер-консультанттар өтінім берушінің алған білімі мен кәсіби деңгейіне қарай жұмыс табу; жаңа мамандық алу (Клиенттер 2 айдан 6 айға дейінгі қысқа мерзімді оқу курстарына жазыла алады, тыңдаушыларға шәкіртақы және ары қарай жұмысқа орналастыру мүмкіндігі қарастырылған); «Жас Кәсіпкер» жобасына қатысу (18-29 жас аралығында жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар кәсіпкерлік негіздері курсына жазыла алады); «Бастау» жобасына қатысу (Жас ерекшеліктеріне қарамастан өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыздар бір айы ішінде бизнес жүргізудің негізгі дағдыларын үйренеді, микронесие алуға, кәсіп ашып, немесе қолдағы бизнесті кеңейтуге мүмкіндік алады) сияқты кеңестер береді.
«Атамекен» қолдау орталықтары» пилоттық режимде Нұр-Сұлтан қаласында (8), Алматыда (12) және Шымкентте (10) іске қосылуда.
«Еңбек және нәтижелі жұмыспен қамту» жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша биыл Шымкент қаласында 30 мыңнан астам азамат бағдарламаға қатысуға өтінім берген. Бүгінгі таңда 13 мыңнан астам азамат осы бағдарламаға қатысып, 6 мыңнан астамына тұрақты жұмыс орындарына жолдама берілді.
Қалада әлі осындай тағы 9 осындай мобильді орталық іске қосылмақ.