Түркістан қаласының тазалығына жіті көңіл бөлінуде

Қаламыздың жаңа әкімі Рашид Аюпов шаһар тазалығына жіті көңіл бөлуде. Осы мақсатта шаһар басшысының бастамасымен ақпараттық-насихаттық топ құрылып, өз қызметіне кірісті.
Ондағы мақсат —  «Тазалық – денсаулық кепілі» аясында облыс орталығын таза қалаға айналдыру және тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Бұл ретте топ мүшелері Ж.Жабаев атындағы №11, Қ.Сәтпаев атындағы №12 жалпы орта мектептерінде қала тұрғындарымен кездесті.
— Қаламызда 870-ке жуық көше бар. Оның 56-сы кестеге сәйкес аптасына бір рет тазаланады. «Бекзат» мөлтек ауданына қарасты 5 көше сол тізімге енген. Қоқысты кесте бойынша тазалық қызметкерлері алып кететін күні немесе сол күнге қараған түні шығарсаңыздар. Себебі жол бойында бір жеті бойы қоқыстың жатуы қала тазалығына нұқсан келтіріп қана қоймай, одан шығатын жағымсыз иістің қолқаны қабатыны тағы бар, — деді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Құрбанбай Мұстафаев.
Жиын барысында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы міндетін атқарушы Ержан Бекзатұлы ауыл тұрғындарына газ кіргізудің тиімді тұстарын айтып түсіндірді. Сондай-ақ, кездесуде тұрғындар көкейде жүрген сауалдарын топ мүшелеріне қойып, тұщымды жауаптарын алды. Сонымен қатар, өз кезегінде сөз алған қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Бақдәулет Әуелбеков қазіргі таңда бір апта көлемінде түсіндірме жұмыстарын жүргізетіндігін, одан кейін тәртіпке бағынбай көшеге келісім-шартсыз және белгіленбеген уақытта қоқыс шығарғандарға заң жүзінде әкімшілік жауапкершіліктер қарастырылатындығын баса айтып, ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатындығын жеткізді. «Тәртіпке бағынған құл болмас» дегендей қала тұрғындарын Түркістанды таза қалаға айналдыруға бірлесе жұмыс жасауға шақырды. Бұл кездесулер алдағы уақытта қаламыздың мектептерінде жалғасын тауып, қала тұрғындарын толық қамтымақ.