Түркістан: Көшбасшы партия ел дамуына қызмет етеді

«Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, қалалық мәслихаттың депутаты Алмасбек Темірбаев партияның қалалық филиалы тарапынан қала көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.— «Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалының өсімі аумақта 160 мыңнан астам халықтың бүгінгі таңға жұмыс жасындағыларға шаққанда 10 пайыздан астамы партия қатарына мүше болып енген. Демек, сапалық құрамы жақсарды, барлық мекеме мен бөлім басшылары партияның белсенді мүшесі деп айтуға болады. Бүгінгі таңға партия филиалының бюросында қаралатын жылдық жоспар жасалып, саяси кеңес мүшелеріне өздерінің келісімі мен партияның қоғамдық жұмыстарын атқару міндеттелді. Онда ішкі одақ жұмысына бақылау мен практикалық көмек беру жағы қарастырылған. Осындай игі жұмыстардың нәтижесінде саяси кеңестің бюросы белгіленген жоспарға сай өтіп, күн тәртібіне қойылған мәселелер толығымен өз деңгейінде қаралып келеді. Бұл жұмыстар партия мен оның саяси бюросының беделін арттыра түсуде, — дейді қалалық мәслихаттың депутаты.
Алмасбек Темірбаевтың айтуынша, бастауыш партия ұйымы атқарған жұмыстарына бюро бағыт-бағдар берумен қатар партияға мүшелікке қабылдау, оларға салтанатты түрде партия билеттерін тапсыру шаралары өткізіліп тұрады. Ал, филиалдың кадрлық құрамына келетін болсақ, «Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалы өз қызметін партияның бағдарламасына, жарғысына және қалалық филиалы туралы ережеге сәйкес жүргізіп келеді. Қалалық филиалдың аппаратында 3 штаттық бірлік бар. Қызметкерлердің функционалдық міндеттері мен филиал аппаратында жүргізілетін іс-қағаздарының құжаттамалары бекітілген.
Сондай-ақ, партияның қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс атқарып, олардың күнделікті мәселелерін шешуге атсалысып келеді. Былтырғы жылды есептегенде, бүгінгі күнге дейін «Nur Otan» партиясы Түркістан қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне барлығы 272 азамат түрлі мәселелермен келді. Олардың 53-і жазбаша өтініштер жолдаса, 82 азаматқа заң тарапынан түсініктер, кеңестер берілді. Олардың оңтайлы шешілгендерінің саны 170-ті құрайды. Сонымен қатар, Түркістан қаласы бойынша қалалық мәслихат депутаттары 18 адам болса, депутаттық фракция мүшелерінің саны — 17.
Еске салсақ, бүгінде мәслихаттағы 18 депутат өздерінің келісімі бойынша бекітілген кестеге сәйкес қоғамдық қабылдаулар өткізіп тұрады. Қалалық мәслихаттағы депутаттық фракция тобы жұмыс жоспарына сәйкеc жұмыстарын жүргізуде. Қалалық филиал жұмысының ауқымы кеңейіп, филиал жанындағы қоғамдық негізде жұмыс атқаратын комиссиялардың жұмысына талап күшейді. Осы мақсатпен жұмыс істеу қалалық филиалдың негізгі міндеті болып отыр.